homepage

Жеті айда жемқорлықпен істі болған шенеуніктер кімдер?

31.10.2024, 20:52

Арыстанбек Мұхамедиұлы

Осы жылдағы жемқорлыққа қатысты істер экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының сотынан басталды. Бұрынғы шенеунікті 2023 жылы жемқорлық жасады деп айыптап, 8 жылға бас бостандығынан айырған еді. Сот процесі кезінде прокуратура Арыстанбек Мұхамедиұлының «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме үшін бөлінген қаржыдан 146 млн теңге ұрлағанын дәлелдеді.  

Бірақ экс-министрге тағылған айып мұнымен бітпеді. Осы жылдың басында екінші сот ісі өтті. Ол түрмеде отырып, Астанадағы «Дипломат» қонақүйін рейдерлікпен меншіктеп алмақ болған және бюджет қаржысын жымқырған деп айыпталды. Жалпы алғанда экс-министр 11 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына мемлекеттік қызметке отыруға тыйым салынды. 

Болат Мажағұлов

Мәдениет саласындағы жемқорлық дауы министрмен аяқталған жоқ. Осы жылы қыркүйекте «Астанадағы мәдениет басқармасының экс-басқарушысы Болат Мажағұлов ұсталды» деген ақпарат шықты. Ол 2010-2019 жылдары аралығында Мәдениет басқармасын басқарған еді. 

Мажағұлов аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр.  2016 жылы елорда күніне орай «Күн» су бұрқағының құрылысы басталған. Ол тек субұрқақ емес лазерлік шоу өтетін бірегей құрылыс болуы керек еді. Миллиардтаған қаржы салынған нысан ары кетсе бір жыл ғана жұмыс істеп тоқтады, субұрқақтың енді қашан іске қосылатыны белгісіз.

Ресми мәліметке сенсек, субұрқақ жұмысына Болат Мажағұлов басқарған ұйым жауапты болған. Бірақ олар субұрқақ салушы мердігермен келісім-шарт жасалған кезде мемлекеттік сараптама өткізбеген. Ал құрылыс кезінде сапасыз материалдар пайдаланған. Прокуратура Мажағұлов осы жобадан  1 млрд теңге ұрлаған деп айыптап отыр. Әзірге тергеу әлі жалғасып жатыр. 

Ерлан Қожағапанов

Наурызда БАҚ өкілдері бұрынғы вице-министр, Алматы қаласының әкімі, премьер-министрдің кеңесшісі болған Ерлан Қожағапановтың ұсталғанын жазды. Кейінірек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шенеунікті ауыр жемқорлық қылмыс жасады деп айыптайтынын хабарлады. Ресми мәліметке сүйенсек, мәселе 2018 жылы Ресей мен Қазақстан арасында өткен аймақтық форумға қатысты болып отыр. Агенттік өкілі Арман Тілеукеновтың түсіндіруінше, форум өткізу үшін қажетті қаражат екі есе артық жазылған, нәтижесінде бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған. Сол жылы Қожағапанов Спорт және мәдениет вице-министрі қызметінде еді.

Шілдеде Ерлан Қожағапанов және 2023 жылы ұсталған экс-министр Марат Бекетаевты тергеу ісі аяқталды. Бірақ сот процесі жайлы ақпарат әлі тараған жоқ.

Константин Воронкин

Кезекті жемқорлық дауы. Осы жылдың қыркүйегінде Ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасары Константин Воронкиннің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек ІІМ бұл мәліметті растады.

Воронкин 2023 жылы «Параллель-ТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен пара алған деген күдік бар. Ал оған пара беруші «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев деседі.

Қаржы көлемі әзірге белгісіз, бірақ екеуін де ҰҚК қызметкерлері ұстаған. «Министрлік өз қатарында кез келген сыбайлас жемқорлықтың көрініс беруіне төзбейді. Осыған орай, қолданыстағы заңнама аясында тергеу объективті әрі жан- жақты жүргізіледі», деді ІІМ бұл жанжал туралы. 

Константин Воронкин Ұлттық гвардия Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары болды, бұл қызметке 2020 жылдың 24 қарашасында тағайындалған. 

Нариман Жүнісов

Осы жылы сәуірдің басында қоғам белсендісі Кирилл Павлов «Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нариман Жүнісов пара алып жатып ұсталды деген ақпарат түсті», деп жазды Facebook пaрaқшaсындa. Ал екі айдан кейін мамырдың соңында Астана соты Нариман Жүнісовті пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. 

Сот материалдарынан белгілі болғандай, Нариман Жүнісов және Балық ресурстарын қорғау басқармасының басшысы Ерасыл Суықбаев қол астындағы мекеме басшыларынан жүйелі түрде ақша алып отырған. Бірақ бұл жерде миллиард, миллион деген сандар жоқ. Жалпы алғанда екі басшы 3,5 млн теңге пара алған. Оның кейбірін банк есепшотына аударса, кейбірін тікелей қолына ұстатқан.
Нариман Жүнісов 2007 жылдан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінде түрлі лауазымды қызметтер атқарып келеді.  

Бағдат Данияров

Осы жылы үкімі оқылған шенеуніктің бірі - Астанадағы «Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту дирекциясының» бұрынғы басшысы Бағдат Данияров. Оны және орынбасары Төлеген Нұрманұлын 2023 жылы ұстаған еді. Астана прокуратурасы Данияров бюджеттен 60 млн теңге жымқырған және қол астындағы қызметкерден 4 млн теңге пара алған деп айыптады. Тергеу материалдарына сүйенсек, дирекция басшысы оқу-жаттығу жиынына бөлінген қаржыны иемденіп отырған. Сондай-ақ тегін алуға болатын спорт залдарын ақылы деп мембюджеттен қаржы алған.

Аталған тұлғалардың ешқайсысы өз кінәларын мойындаған жоқ.

Орынбасары кінәлі болса, басшысы жауапты

Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктердің жемқорлық жасады деп айыпталуы таңсық емес, өкінішке орай. 2019 жылы мемлекеттік қызметтегі жемқорлықты жою үшін жаңа норма қабылданған. Яғни қол астындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталса, оған бірінші басшы жауапты деген заңға қол қойылды. 

Содан бері бес жыл ішінде 39 саяси қызметкер өз еркімен отставкаға өтініш берген. Бірақ тек он бесінен яғни әрбір үшіншісінің ғана өтініші қабылданған деп хабарлайды Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттік. Ал отставкасы қабылданбаған 24 саяси қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартқан.

Жаңа заң күшіне енген алғашқы 2020 жылы қол астындағы қызметкерінің жемқорлығы үшін бес басшыны, 2021 жылы үш, ал 2022 жылы алты шенеунікті жұмысынан босатқан. Өткен жылы тек бір ғана шенеунік отставкаға кетті. 

Бірақ бұл норманың қабылдануы да, министрге дейін жоғары лауазымды шенеуніктердің ұсталуы да жемқорлықпен күрес те әлсіз сияқты. Халықаралық Transparency International қоры былтыр Қазақстанды ең жемқор елдердің қатарына жатқызды. 180 елдің ішінде 92-ші орындамыз. 

«Қазақстан реформалар жүргізіп, ұрланған активтерді қайтару арқылы жемқорлықпен күресте белгілі бір нәтижелер көрсетті. Бірақ авторитарлы режим жағдайында, сот жүйесінің әлі ашық және тәуелсіз бола алмай жатқан кезінде ол жұмыстар еш көзге көрінбейді. Ықпалды саяси элитаның қысымы да жемқорлықтың дамуын үдете түседі», - деп мәлімдеді қордан.  

Алға жылжу үшін Қазақстанға ашық, тәуелсіз, саяси араласусыз жүзеге асатын шаралар және демократиялық реформалар қажет дейді Transparency International.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.