Өткен аптада қазақстандық спортшылар түрлі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, бірқатар жарыста алтыннан алқа тақты деп хабарлайды Juzmedia.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Көркем гимнастика: Болгарияның София қаласында өткен юниорлар арасындағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева тарихи жеңіске қол жеткізді. Ол доп және лента жаттығуларында алтын, ал шығыршық жаттығуында күміс медаль жеңіп алды.
Семсерлесу: Индонезияның Бали қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы бір күміс және бір қола медаль еншіледі.
Спорттық гимнастика: Өзбекстанда өткен Challenge Cup додасында ұлттық құраманың үш спортшысы жүлдегер атанды.
Байдарка және каноэ: Таиландтың Районг қаласындағы жастар (U23) арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық ескекшілер 6 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады.
Күрес: Вьетнамның Вунгтау қаласында өткен 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында отандастарымыз 6 алтын, 6 күміс және 7 қола медальмен көш бастады.
Жағажай волейболы: Таиландтың Ройет қаласындағы жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы чемпион атанды. Бұл – еліміздің аталған жас санатында құрлық біріншілігінде алғаш рет алтын алған сәті.
Садақ ату: Сингапурда өткен Азия кубогі кезеңінде ұлттық құрама екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды.
Теннис: Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик финалда әлемнің 11-ракеткасы Даниил Медведевті жеңіп, чемпион атанды. Ал Зарина Диас Испаниядағы ITF W35 жарысында топ жарды.