Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елімізде зейнетақының жиынтық орташа мөлшері 143 502 теңгені құрады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 814 теңге, базалық зейнетақы – 47 688 теңге.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 1 трлн 745,9 млрд теңге жұмсалған. Бұл соманың 564,7 млрд теңгесі – базалық зейнетақыға, 1 трлн 181,2 млрд теңгесі – ынтымақты зейнетақыны төлеуге бөлінген.
2025 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда зейнеткерлердің жалпы саны 2 млн 481 мың адамды құрайды.
Еске салайық, 2023 жылдан бастап ең төмен базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ал ең жоғары мөлшерін 120%-ға дейін жеткізу жоспары жүзеге асырылып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 32 360 теңгені, ең жоғарысы – 50 851 теңгені құрады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға өсірілген болатын.