homepage
Фото: akorda.kz

Роман Скляр Қытай инвесторларын сирек жер металдарын бірге игеруге шақырды

16.06.2025, 05:28

Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қытай бизнесін сирек және сирек кездесетін металдар кен орындарын игеруге қатысуға шақырды. Бұл туралы ол 16 маусымда «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық форумында сөйлеген сөзінде айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Сирек жер металдары – бұл екінші мұнай. Біз бұл әлеуетті барынша ұтымды пайдалануымыз керек», – деді Скляр.

Оның айтуынша, Қазақстан жер қойнауында бес мыңға жуық зерттелмеген кен орны бар. Ел үкіметі осы салада екі негізгі бағытты ұстанады: ыстыққа төзімді никель қорытпаларын және аккумуляторға арналған материалдарды өндіру.

«Бұл салада Қазақстан “шикізатқа – инвестиция мен технология” деген прагматикалық формуланы ұстанады. Қытайлық компаниялармен нақты жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді вице-премьер.

Скляр сондай-ақ Қазақстанның жаһандық қосылған құн тізбегінің орта буынына енуге бағытталғанын және бұл бағытта мемлекет жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ-қа сапары аясында американдық инвесторларды да сирек жер металдары саласында әріптестікке шақырған болатын.

Теги: