Абай облысының полицейлері интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топтың жолын кесті. Олар танымал хабарландыру платформасы арқылы жүк көліктерін сататын жалған хабарламалар жариялап, азаматтарды алдап, ірі көлемде ақша иемденген деп хабарлайды juzmedia.kz Абай облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алаяқтар сатып алушыларды сендіріп, келісім жасалғанына көз жеткізгендей көрініс қалыптастырған. Жымқырылған қаржы Қазақстанның әр өңірінде тіркелген жалған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Зардап шеккендер қатарында Семей, Ақтөбе және Қарағанды тұрғындары бар. Залалдың жалпы сомасы 52 миллион теңгеден асты.
Тергеу барысында басты күдіктілер ұсталды: Қызылорда облысының 32 жастағы тұрғыны және Түркістан облысының 50 жастағы азаматы. Екеуі де жалған компаниялар арқылы қаржыны заңсыз айналымға түсіруге тікелей қатысқан. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, олардың тағы үш сыбайласы анықталып, тергеу амалдарына қатысу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда. Полицейлер алаяқтық әрекеттің басқа да эпизодтарын және қатысы бар тұлғаларды анықтап жатыр.