homepage
Фото: Aqorda.🇰🇿

Қазақстан Орталық Азиядағы Болгарияның басты серіктесі - Румен Радев

09.06.2025, 16:43

Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты талқылады. Бұл туралы juzmedia.kz ҚР  Президентінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Радев бастаған үлкен делегация құрамында болгар бизнес өкілдері мен инвесторлар да болды. Келіссөздердің басты нәтижесі – Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға Болгарияның қосылуы және инвестициялық жобаларды кеңейтуге ортақ мүдде бар екенінің нақты айқындалуы.

Соңғы жылдары екі ел арасындағы байланыс та нығайып келеді. Сауда-саттық көлемі соңғы жылдары төрт есеге өсіп, биылғы төрт айдың өзінде 83 миллион доллардан асты. 

– Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттер басшыларының келіссөзі нәтижесінде бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Транскаспий көлік дәлізіне қатысты меморандум, Астана мен София арасындағы әріптестік келісімі, Шымкент пен Пловдив арасындағы бауырластық орнату жөніндегі құжат және дипломатиялық институттар мен сауда палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

Тоқаев Қазақстан мен Болгария арасында мұнай-газ, жаңартылатын энергия, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және цифрландыру сынды салаларда нақты жобалар жүзеге асатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, Көлік-логистика жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құру ұсынылды.

Келіссөздер аясында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да мән берілді. Елордада "София" атты көше ашылатыны хабарланды.

Ал Болгария Президенті Румен Радев екі елдің стратегиялық серіктестікке дайын екенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы Болгарияның басты серіктесі болып қала береді.

Сапар аясында бизнес-форум өтті. Онда қос елдің іскер топтары жаңа келісімдерге келіп, экономикалық ықпалдастықты арттыру мәселелерін талқылады. Қос тарап мәдениет, білім беру және өңірлік ынтымақтастық бағытында да әріптестікті дамытатындарын нақтылады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.