homepage
Фото: Мадина Уразмбетова

29 балалы отбасы Jas tolqyn байқауында Гран-при иеленді

08.06.2025, 06:36

Ақтауда өтіп жатқан Jas tolqyn – 2025 жас таланттар байқауында Ақтөбеден келген көпбалалы Жетесовтер отбасының «Шашу» ансамблі ерекше көзге түсті. Отбасылық ұжым «Аспаптық жанр» номинациясы бойынша Гран-при иеленіп, Мәскеуде өтетін халықаралық байқауға жолдама жеңіп алды деп хабарлайды juzmedia.kz.

Жетесовтер отбасы — 29 баланы тәрбиелеп отырған шығармашылық жанұя. Төрт туған баласымен қатар, түрлі этностардан шыққан 25 баланы қамқорлығына алған Амангүл Ешпанова мен Өмірхан Жетесов өнер арқылы балалардың әлеуетін ашып келеді.

Ақтаудағы байқауға Амангүл Ешпанова жеті баласымен келіп, қазақтың ұлттық аспаптарында өнер көрсетті. Қазылар алқасы ұжымның шынайылығы мен орындаушылық шеберлігін атап өтті.

Сондай-ақ отбасының тәрбиеленушісі Александра Погорелова сазсырнайда қазақ халық күйін орындап, өз номинациясында екінші орынға ие болды.

Jas tolqyn – бұл шығармашылық байқаудан бөлек, Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ-ның қайырымдылық бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын әлеуметтік жоба.

Биыл алтыншы рет өткізіліп отырған байқау дарынды балаларды қолдауға, ұлттық өнерді дәріптеуге және жасөспірімдердің өзіне деген сенімін арттыруға бағытталған.