2025 жылдың 4 маусымында Алматы қаласында «Қытай (Шаньдун) – Қазақстан» сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі конференция өтті. Бұл жиынның маңызы туралы juzmedia.kz сараптап көрді.
Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға екі елдің билік, бизнес және инвестициялық құрылым өкілдері қатысқан. Қазақстан атынан Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, Қытай атынан Шаньдун провинциясы губернаторының орынбасары Сун Цзюньцзи жетекшілік етті.
Шаньдун – Қытай экономикасының жетекші аймақтарының бірі. Қытайдың Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы провинцияның жалпы ішкі өнімі 1,3 триллион АҚШ долларынан асып, бұл елдегі ең ірі көрсеткіштердің бірі болды. Аумағында 100 миллионға жуық халқы бар, аймақ технологиялық даму мен индустрияландыру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қазақстан үшін мұндай өңірмен ынтымақтастықтың экономикалық салмағы айтарлықтай.
Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 30 млрд АҚШ долларынан асқан, оның ішінде экспорт шамамен 15 млрд долларды құрады. Оның 7,1 млрд АҚШ доллары шикізаттық емес тауарларға тиесілі.
Ал Шаньдунмен сауда көлемі қазіргі таңда 1,6 млрд доллар көлемінде, оның ішінде экспорт 439 млн долларды құрайды. Бұл көрсеткіштер әлеуетке сәйкес жеткілікті деңгейде емес. Қазақстан бұл бағыттағы байланыстарды өндіріс пен технология трансфері арқылы кеңейтуді көздеп отыр.
Қазақстан қандай ұсыныс айтты?
Конференцияда Қазақстан бірнеше бағытта нақты ұсыныстар білдірген:
Бұл ұсыныстардың ауқымы Қазақстан экономикасын әртараптандыру мен технологиялық жаңғыртуға бағытталғанын көрсетеді.
«Сіздерде технология мен тәжірибе, бізде – ресурс!»
Қазақстан осы логикамен ынтымақтастықты ұсынуда. Мұндай тепе-теңдік бір қарағанда әділетті көрінгенімен, ұзақ мерзімді тұрғыда Қазақстанның технологиялық тәуелділігін тереңдетіп жіберуі мүмкін. Қытайлық инвестиция мен технологияның ағыны көбіне Қытайдың стратегиялық бақылауына әкеледі деген сын көптен бері айтылып келеді. Сондықтан әр жобаның құрылымы мен шарттары ашық және әділ болғаны маңызды.
Айта кету керек, Қазақстан 2024 жылы жаңа Жер қойнауы туралы кодекс қабылдады. Электрондық лицензиялау, геодеректерге қол жеткізу, барлау жұмыстарына берілетін ынталандырулар – мұның бәрі инвесторлар үшін тартымды. Бірақ бұл жағдай Қазақстан ресурстарының стратегиялық бақылаусыз кету қаупін де арттыруы мүмкін. Сондықтан үкімет инвестор тартуда ашықтық пен ұлттық мүдде арасындағы тепе-теңдікті сақтай ала ма деген сұрақ көптің көкейінде тұрары анық.
Климаттық жобалар – жаңа бағыт па, әлде трендті қуалау ма?
Алматыда өңірлік климат кеңсесін ашу – жақсы бастама. Бірақ бұл бастаманың нақты мазмұны мен жобалық қуаты жайлы ақпарат аз. Қазақстан өз көміртегі нарығын құру арқылы шын мәнінде аймақтық көшбасшыға айналғысы келеді. Дегенмен бұл бағыттағы жобалар Қытайсыз жүзеге аспайды. Сондықтан климат тақырыбы да Қытаймен әріптестікте негізгі элементке айналуы мүмкін.
Жалпы Шаньдунмен тікелей байланыс – Қазақстан үшін тек сауда емес, технологиялық серпіліс жасауға бағытталған стратегиялық платформа. Бұл байланыс Қытаймен жаңа форматта жұмыс істеудің үлгісі болмақ.
Алайда мұндай серіктестікте экономикалық пайдамен қатар, ұлттық мүдделерді тең ұстау қажет. Қытай тарапының осы ұсыныстарға нақты реакциясы мен алдағы шешімдері бұл бастаманың қаншалықты тиімді жүзеге асатынын көрсететін болады.
Шаньдунмен байланыс – Қазақстан үшін экономикалық балама іздеудегі кезекті қадам. Оның нәтижесі ұсыныстар мен шешімдердің теңгеріміне байланысты.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.