homepage
Фото: juzmedia.kz

«Америка ашқан қазақтардың» таныстырылымы өтті

05.06.2025, 23:57

5 маусым күні Астанадағы Ұлттық музейде «Америка ашқан қазақтар» атты танымдық кітаптың таныстырылымы өтті. Кітап авторы – журналист, зерттеуші Дүйсенәлі Әлімақын. Бұл еңбек автордың «Болашақ» бағдарламасы аясында Джордж Вашингтон университетінде тәжірибеден өтіп, АҚШ-тағы кітапханалар мен архивтерде жүргізген  зерттеуінің нәтижесі. Жұрттты елең еткізген кітапқа Америка кітапханаларындағы қазаққа қатысты тарихи деректер мен суреттер енген.

Іс-шараға Серік Негимов, Айгүл Ісмақова, Шерубай Құрманбайұлы сияқты академик-ғалымдар мен Жанболат Ауыпбаев, Талғат Батырхан, Оңайгүл Тұржан, Айгүл Келелбай, Бауыржан Бабажан сынды аға журналист, ақын-жазушылар қатысты. Испания Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Luis Francisco Martinez Montes пен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің мәдени атташесі Timothy Gibson де осы шараға арнайы қонақ болды.

Ең алдымен сөз алған ғалым, профессор Серік Негимов аталған кітаптағы әр дерек пен дәйекке тоқталып, оның ұлт тарихы үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге Батыс жазбаларындағы қазаққа қатысты деректерді жүйелеп, кітап ретінде оқырманға ұсынған автордың еңбегі зор екенін айтты.

Өз кезегінде сөз алған Испания Корельдігінің Қазақстандағы елшісі Luis Montes арғы-бергі замандардағы Испания мен Орталық Азияның, Қазақстанның байланысы туралы тереңнен толғап, екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың тым әріде жатқанын жеткізді.

Ал ғалым, профессор Айгүл Ісмақова АҚШ кітапханаларында сақталған сирек деректер мен жазбаларды, фотосуреттерді қаз-қалпында оқырманға жеткізу қазіргі ғылым үшін таптырмас мүмкіндік екенін, осы барыста жас зерттеуші Дүйсенәлі Әлімақынның бастаған жобасы оң бастама екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ұлтқа қызмет ету идеясының басында кешегі Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сияқты ұлт арыстарының ізгі-тілегі, арманы жатқанын алға тартты.

Академик Шерубай Құрманбайұлы ұдайы ізденісте жүрген жастарды жастарды ғылымға бағыттау керек екенін, соның бір мысалы «Америка ашқан қазақтар» кітабын жұртшылыққа ұсынған Д.Әлімақын екенін баян етті.

Қалай десек те, кітап сүйер оқырманға тағы бір қызықты кітап жол тартты. Кітаптың алғысөзін қазіргі Абай облысының әкімі Берік Уәли жазған. Кітапты шығаруға «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қоры қолдау көрсеткен. «Америка ашқан қазақтар» кітабы туралы қырғыздың Халық жазушысы, TURKSOY Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев та өз бағасын беріп, жылы лебізін арнапты.

«Бұл кітаптың біз үшін мағынасы мен мәні зор. Америка архивтеріндегі қазақ бауырларымызға қатысты деректерді бір жерге топтастырып, оқырманға ұсынған автордың осы еңбегі бағалауға тұрарлық», – дейді С.Раев.

Ал кітап авторының АҚШ-тағы жетекшісі, Джордж Вашингтон университетінің профессоры Питер Роллберг:

“Дүйсенәлі Әлімақынның Вашингтондағы уақытында тың зерттеулер жүргізгеніне куә болдым. Ол қысқа ғана уақыт ішінде АҚШ пен Қазақстанның мәдени байланысының тарихын тың деректер арқылы зерттеді. Тіпті оны осында келіп аталған тақырыпта жүйелі ізденген алғашқы зерттеуші десек артық емес. Нәтижесінде, ол қазақ жеріне арнайы сапармен барған саяхатшылар мен ғалымдар жазып қалдырған сирек және құнды деректерді оқырманға ұсынып отыр. Оның бұл ізденісі екі елдегі оқырмандар үшін бағалы болатыны сөзсіз» деген оң бағасын берген екен.

Бұл – мақтанышпен емес, махаббатпен жазылған еңбек

«Америка ашқан қазақтар» атты жаңа кітап – елге деген сүйіспеншіліктен туған еңбек. Авторы бұл туындыны мақтан үшін емес, туған жеріне деген кәсіби махаббатпен жазғанын айтады. Оның айтуынша, кітапта XIX–XX ғасырлар тоғысындағы америкалық саяхатшылар мен зерттеушілердің қазақ даласына қатысты бұрын-соңды жарияланбаған деректері алғаш рет ұсынылған.

— Бұл – менің туған елім мен кең байтақ далама деген махаббатымнан туған еңбек. Америка архивтерінен қазақ тарихына қатысты 3000-ға жуық беттен тұратын дерек алып келдім. Қазір қолдарыңыздағы кітап сол материалдың шамамен 30 пайызын ғана құрайды. Бұл бірінші серия. Жоба жалғасады, – дейді автор.

Кітапта Қазақстанда сақталмаған бірегей тарихи мәліметтер бар. Мысалы, Арынғазы сұлтанның ауылына келген неміс ғалымы жайлы еш жерде жарияланбаған дерек осы басылымда қамтылған. Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың бұрын еш жерде жарияланбаған суреті мен Міржақып Дулатовтың 1906 жылы түскен фотосы да осы кітапта жарық көріп отыр.

Жоба авторы бұл еңбектің алдағы уақытта да тың деректермен жалғасатынын айтып, оқырманға тарихи жады мен дерекке негізделген шынайы зерттеуді ұсынуға ниетті екенін жеткізді.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.