НЕ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ?
Алматы қаласының әкімшілік істер жөніндегі соты YouTube-арнасында АЭС жайлы референдумға байланысты сауалнама жарияланған белсенді Абзал Достияровқа 55 мың теңге айыппұл салды. Сот белсендіні "сайлау заңнамасы талаптарын сақтамай, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізді" (Әкімшілік кодекстің 120-бабының 3-бөлігі) деп айыптады.
Достияров атом электр станциясына байланысты "көрермен көзқарасын білгеніміз үшін жазықты болдық" деді.
Белсенді YouTube-арнасындағы сауалнаманы "бүкіл халықтың пікірі деп айтқан жоқпын" деді. Ол қалалық сотқа шағым береміз деп мәлімдеді.
ҚАЗАҚСТАНДА КІМДЕР САУАЛНАМА ЖҮРГІЗЕ АЛАДЫ
"Сайлау туралы" заңға сәйкес, "қоғамдық пікірді зерттеп сауалнама жүргізуді Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірді зерттеу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттар көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы".