homepage
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Балабақшаға қабылдау: топтар қалай жасақталады?

04.06.2025, 05:37

Оқу-ағарту министрлігі 2025–2026 оқу жылына арналған балабақша топтарын жасақтау тәртібін жариялады. Балаларды қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі.

Ваучерлік жүйе енгізілген қалалар мен аудандарда (Астана, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Түркістан, Павлодар және т.б.) ваучерлер 1 шілдеден бастап кезек жаңартылғаннан кейін таратылады.

Ата-аналар үшін маңызды мерзімдер:

  • Ваучер алғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде келісімді растау қажет. Әйтпесе, өтініш өшіріледі. Қалпына келтіру мүмкіндігі – бір рет, 28 күн ішінде ғана.

  • Таңдалған балабақшамен келісімшарт 5 жұмыс күні ішінде жасалуы тиіс.

  • Ваучерден бас тартқан жағдайда кезек жойылады. Баланы «күту парағына» қоюға болады.

Қалған өңірлерде жас ерекшеліктеріне қарай топ жасақтау 1 тамыздан басталады. Жолдама берілгеннен кейін ата-аналарға оны растауға 2 күн, құжат тапсыру мен келісімшартқа 5 жұмыс күні беріледі. Қажет болса, бұл мерзім бір рет 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Ескерту:
Құжаттар толық болмаса, мерзімі өтіп кетсе немесе екпе алмаған балалар рұқсат етілген шектен асса, балабақша оларды қабылдамауға құқылы. Сондықтан ата-аналарға құжаттарды алдын ала тексеріп, жеке кабинеттегі хабарламаларды бақылап отыру ұсынылады.

Теги: