homepage
Фото: @t.me/KZgovernment

"Бағдарлама жоқ па – ақша да жоқ": Бектенов бизнесті шартқа көндірмек

03.06.2025, 12:32

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов ірі кәсіпорындарға «елішілік құндылық» бағдарламасын қабылдауды міндеттеп, ондай бағдарламасы жоқтарға мемлекеттік қолдау көрсетілмейтінін мәлімдеді.

Мемлекет бұл талапты отандық өндірісті күшейтуге арналған нақты қадам деп бағалап отыр. Жаңа талап бойынша ірі кәсіпорындар өз тапсырыстарын жергілікті жеткізушілерге бағыттап, айналасына шағын және орта бизнес белдеуін қалыптастыруы тиіс. Бұл тәсіл ішкі өндірістік тізбекті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, технология тартуға жол ашпақ.

Алайда, бұл мәлімдеме бірқатар экономистер мен кәсіпкерлердің қарсылығын тудырды. Олар Бектеновтің бұл талабын нарық заңдылығын бұзу деп бағалап отыр. "Ірі кәсіпорын өз серіктесін тиімділікке қарап таңдайды. Үкімет оны кімнен сатып алуға міндеттемеуі керек", – дейді кей сарапшылар.

Дегенмен, бұл талап жалпы бизнеске емес, мемлекеттік қолдау алғысы келетіндерге ғана қатысты екенін ескерсек, Үкіметтің ұстанымы түсінікті: "мемлекеттің көмегін қалайсың ба – онда ел экономикасына нақты үлес қос".

Бәсеке мен міндет арасына қойылған бұл шекара қалай жүзеге асады – шешуші мәселе осы. Егер талап нақты, әділ және ашық орындалса, бұл шынымен жергілікті өндіріс үшін серпін болмақ. Ал егер бәрі тағы да қағаз жүзіндегі формализмге айналса – бастама өз нәтижесін бермейді.