homepage
Фото: Chat GPT

Кітап оқу мәдениеті: Қай елдер көп оқиды?

03.06.2025, 06:30

Бүгінде технология дәуірі үстемдік етіп тұрса да, иісін иіскеп, қолыңа алып оқитын қағаз кітаптың маңызы кеміген жоқ. Керісінше, дамыған елдерде кітап оқу – білім мен парасаттың, мәдениеттің қайнар көзі ретінде бағаланып келеді. Байыптап көрсек, әлем елдері арасында кітап оқуға жұмсайтын уақыт та әртүрлі екен. Бұл көрсеткіш елдің білім беру жүйесі мен мәдени құндылықтарына тікелей байланысты болмақ. Сонымен, ең көп кітап оқитын елдер қайсы деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Үндістан – оқу мәдениетінің көшбасшысы

Үндістан әлемде кітап оқуға ең көп уақыт бөлетін ел ретінде көш бастап тұр. Бұл елдегі әр адам аптасына орта есеппен 10 сағат 42 минут кітап оқиды екен. Аталған көрсеткіш Үнді жұртындағы әдебиет пен білімге деген ықыластың өзгеше екенін айғақтай алады. Айта кетерлігі, бұл мемлекетте қағаз кітаптармен қатар электронды форматтағы оқылымдар да қарқынды дамыған. Әртүрлі тілде жарық көретін көркем шығармалар, қолжетімді кітап дүкендері мен кітапханалар – оқу мәдениетін қалыптастырудың басты құралдары саналады.

Таиланд – рухани дамуға құштар ел

Кітапты қолына көп ұстайтын елдердің екінші орнында – Таиланд. Таиландтықтар аптасына 9 сағат 24 минут уақытын кітап оқуға арнайды. Елде мемлекеттік деңгейде «оқу қоғамын» құруға бағытталған бағдарламалар бар. Қоғамдық кітапханалар желісі кеңейіп, балалар мен жастар арасында көп кітап оқу жақсы дәстүрге айналып келеді. Аптасына 10 сағатқа жуық кітап оқу жақсы көрсеткіш екені анық.

Қытай – білім мен тәртіп елі

Қытайда да оқу – маңызды рухани және кәсіби дамудың негізі ретінде қарастырылған. Бұл елде әрбір адам аптасына 8 сағат кітап оқиды. Мемлекет тарапынан оқу бағдарламаларына, кітапхана жүйесіне, ғылыми әдебиетке айрықша қолдау көрсетіледі. Онлайн оқылым, цифрлық кітапханалар мен аудио кітаптар қытайлық оқырманды білімге жетелеп келеді.

Посткеңестік елдердің кітапқұмары қайсысы?

Кітап оқу бойынша Ресей аптасына 7 сағат 6 минут көрсеткішпен посткеңестік елдер бойынша көш бастап тұр. Ресейде классикалық әдебиетті оқуға деген қызығушылық үстем. Ал қоғамдық кітапханаларға баратын оқырман саны әлі де жоғары.

Сонымен бірге, Венгрия мен Чехия сияқты Еуропа елдерінде де кітап оқу – халықтың күнделікті дағдысына айналған. Чехтар аптасына 7 сағат 24 минут, венгрлер 6 сағат 48 минут оқиды. Мұнда кітап оқу – тек білім емес, бос уақытты тиімді өткізудің де бір әдісі.

Еуропа елдері: тұрақты оқу мәдениеті

Франция мен Швеция елдерінде әрбір адам аптасына 6 сағат 54 минут кітап оқитын болып шықты. Бұл мемлекеттерде әдебиетті қолдау, оқырман мен автор арасын жақындату бағытында үлкен жобалар атқарылады. Әдеби фестивальдер, авторлармен кездесулер, кітап жәрмеңкелері дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.

АЛ ҚАЗАҚСТАН ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Қазіргі таңда Қазақстан ең көп кітап оқитын елдер қатарында аталмайды. Бұл – ресми статистикада да, халықаралық рейтингтерде де көрініс тапқан шындық. Дегенмен бұл жағдай өзгермейді деген сөз емес. Соңғы жылдары мемлекет пен қоғам тарапынан оқу мәдениетін жандандыруға бағытталған бірқатар қадамдар жасалуда.

Мәселен, «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында кітапханалар жаңартылып, шалғай өңірлердегі балаларға арналған әдебиеттердің қолжетімділігі артып келеді. Сондай-ақ жастарды әдебиетке тартуға бағытталған жобалар, аударма ісін дамыту, «Бір ел – бір кітап» секілді акциялар – оң өзгерістерге жол ашатын бастамалар қатарында. Ал олардың нәтижесі қандай болатыны болашақтың еншісінде...

СОНЫМЕН...

Кітап оқу – тек жеке даму құралы ғана емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетінің айнасы. Кітап оқитын қоғам – сыни ойлайтын, мәдениеті жоғары, ғылым мен идеяға ашық қоғам. Ал бұл қасиеттер – бүгінгі Қазақстанға ауадай қажет. Ендеше, оқу мәдениеті – тек жобалармен емес, күнделікті дағдымен қалыптасатын құндылық. Басты сұрақ – біз өзімізден бастап, осы дағдыны қалыптастыра аламыз ба?

Дүйсенәлі Әлімақын