Канн кинофестивалі – кино әлеміндегі ең беделді шаралардың бірі. Францияның оңтүстігіндегі Канн қаласында жыл сайын өтетін бұл фестиваль халықаралық киноөндірістің ең озық туындыларын сахнаға шығарады. Кино саласындағы жаңа тенденциялар, режиссерлердің тың идеялары мен актерлік шеберлік осы шарада сыналады.
Биылғы Канн кинофестивалі жақында ғана өз мәресіне жетті. Онда көрсетілген жүздеген туындының ішінен бірнеше кинофильм туралы ақпаратты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
DIE, MY LOVE «БAҚҰЛ БОЛ, СҮЙІКТІМ»
Танымал шотландиялық режиссер Линн Рэмзидің авторлық фильмі «Бақұл бол, сүйіктім» фильмін Каннға дейін-ақ үздік баға алған туындылардың бірі деуге болады. Фильмнің көрсетілу құқығын Mubi платформасы 24 миллион долларға сатып алған. Арыана Харвичтің 2017 жылғы романының желісімен түсірілген бұл драмада Лоуренс пен Паттинсон ауылға көшіп, сонда тіршілік етеді. Арада уақыт зырлап, олар балалы болады және сол сәттен кейін олардың қарым-қатынасы бұзылады. Оқиғаның өзегі – Лоуренстің кейіпкерінің психикалық күйзелісі.
Фестиваль аясында өткен іс-шарада режиссер Рэмзи журналистердің фильмді тек босанудан кейінгі психоз туралы деп түсінуіне наразы болды.
«Бұл – қарым-қатынастың үзілуі туралы шығарма, жұбайлар арасындағы әңгімелердің аяқталуы мен бала туғаннан кейінгі жыныстық өмірдің өзгеруі деп те түсінген дұрыс шығар. Бұл туынды шығармашылық дағдарыс хақында да ой салады», – деді.

Сыншылар актерлік құрамды ерекше атап өтті. Олардың арасында Сисси Спейсек, ЛаКейт Стэнфилд және Ник Нолти бар. Бірақ фильм Лоуренстің болмысы туралы. Оның сезімге толы, әзілмен өрілген рөлі көрерменді баурап алады. Time журналы тілшісі Стефани Закарек: «Лоуренс бұл фильмде соншалықты нәзік әрі қарапайым ойнайды, тіпті оның ашу мен эмоцияға толы кейпі де өз алдына бір бөлек», – деп жазса, BBC тілшісі Николас Барбер оны «бұрынғысынан керемет ойнады» деп сипаттады.
SOUND OF FALLING «ЖЕҢІЛІС ҮНІ»
Канн өлшемінің өзінде аталған фильм ерекше ауқымды, көркем әрі әсерлі туынды санатында. Машша Шилинскидің екінші толықметражды фильмінің оқиғасы бастан-аяқ Германиядағы бір фермада өтеді, бірақ төрт түрлі уақыт аралығын қамтиды. Біз кейіпкерлердің бала кездерін де, қартайған шағын да көреміз, ал олардың бастан кешкен түрлі оқиғасы ешқашан ұмытылмайды.

Кейіпкерлердің бір-бірімен байланысын түсіну кейде қиынға соғады, кей сәттерде бұл фильм кәдімгі киноға қарағанда романға көбірек ұқсайды. Бірақ Шилински үлкен экранда ғана қойылатын, жұртты қызықтыратын фильм атмосферасын жасаған. «Deadline» журналының сыншысы Дэймон Уайз бұл туралы былай деп жазады: «Кино – нағыз өнер, бірақ сонымен қатар интимді эпостың әсерін сипаттау үшін тым тар ұғым. Ал бұл шығарма – ұмытылмас туынды».
PILLION «ЖОЛСЕРІК»
Биыл Канн фестивалінде ешбір фильм «Жолсерік» киносынан ерекше тақырып көтере алған жоқ. «Басқа көзқарас» (Un Certain Regard) бөлімінде көрсетілген бұл британдық туынды – басты рөлдегі Голливуд жұлдызы Александр Скарсгардтың Лондон шетінде тұратын, былғары киімді мотоциклші-доминант Рэйдің рөлін сомдаған туындысы. Ол өзінің бағынышты серігін көлік тұрағын тексеруші, аңғал әрі сүйкімді Колин екенін жасырмайды. Бұл рөлде «Хәрри Поттердің» жұлдызы Гарри Меллинг де ойнайды.

EDDINGTON «ЭДДИНГТОН»
Ари Астер режиссерлік еткен бұл хаосқа толы комедиялық триллерде Хоакин Феникс шағын қалада шериф болып жұмыс істейді. Ол өзіне тым сенімді, бірақ шын мәнінде зұлым кейіпкердің рөлін сомдайды. Фильм оқиғасы 2020 жылы Жаңа Мексикода өтеді. Астер Америкадағы Covid-19 пандемиясына, Black Lives Matter қозғалысына және сол жылдың басқа да даулы оқиғаларына байланысты қоғам реакциясын ащы сатирамен әжуалайды. Бұл – қазіргі АҚШ-тағы саяси алауыздықты тікелей көтерген санаулы ірі фильмдердің бірі.

THE SECRET AGENT «ҚҰПИЯ АГЕНТ»
Режиссер Клебер Мендонса Фильо түсірген, 1977 жылғы Бразилияда өтетін бұл триллер – Канның бас жүлдесіне (Пальма бұтағы) басты үміткер фильмнің бірі болды. Фильмнің ұзақтығы – 2 сағат 40 минут. Оқиға баяу өрбиді, бірақ соңында көрген кісіні елітетін сюжеттерге ұласады. Басты кейіпкер – Марсело рөлін Вагнер Моура сомдайды.

SENTIMENTAL VALUE «СЕЗІМНІҢ ҚҰНЫ»
Йоаким Триердің The Worst Person in the World (Жаһандағы ең жауыз адам) фильмі 2021 жылы Канн фестивалінде үлкен табысқа жетіп, екі «Оскар» сыйлығына ұсынылған болатын. Енді норвегиялық режиссер Ослода өрбитін тағы бір сезімге толы комедиялық драмамен қайта оралды. Бұл жолы да басты рөлде – танымал жұлдыз Ренате Рейнсве.

«Сезімнің құны» фильміндегі Тим Гриерсон осы туынды туралы былай деп жазады: «Бір қарағанда бұл фильм суретшілердің өз өмірлерінен шабыт алуы туралы таныс тақырыпты қозғағандай көрінуі мүмкін, бірақ Ренате Рейнсве мен Стеллан Скарсгард бұл оқиғаға ерекше сезім беріп, ата-ана мен бала арасында ешқашан айтылмайтын сөздер жайлы сыр шертеді».
SIRAT «СИРАТ»
Фестивальге жұлдызды есімдермен келген ірі жобалардан бөлек, Канндағы шынайы тың дүниелердің бірі – бастапқыда белгісіз болып көрінген, бірақ батылдығы мен ерекшелігі арқылы қызығушылық тудырған фильмдер. Биылғы фестивальге дәл осындай бір туынды қатысты. Испан режиссері Оливер Лакс түсірген «Сират» фильмі жұртшылықтың назарын аударды.
Фильмнің мазмұнын түсіндіру оңай емес, бірақ былайша сипаттауға болады: оқиға Марокко шөліндегі рейв кешінде басталады. Бастапқыдан-ақ оғаш атмосфера байқалады. Кейіпкер әке жоғалып кеткен қызын іздеп жүрген кезде әскери күштер кешті тоқтатуға келеді, осылайша оқиға апокалиптикалық сипатта өрбиді. Кейін бұл фильм жол хикаясына айналады. Әке мен ұлы тағы бір мерекеге аттанып бара жатқан адамдар тобына қосылады.

Бірақ одан кейін күтпеген оқиғалар болып, фильм бір мезетте экзистенциалдық драмаға айналады. Онда қара юмор де бар, Сэмюэл Беккеттің стиліне ұқсас көркемдік тәсілдер де байқалады. «Variety» журналы бұл туындыны «адам психологиясы шегіне жеткен кездегі жарқын сәтті бейнелейтін фильм» деп бағалады.
THE CRONOLOGY OF WATER «СУДЫҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ»
«Ымырт» фильмінен кейін бірден А-тізімге енген Кристен Стюарт мансабында батыл әрі интеллектуалды таңдаулар жасап, көбіне артхаус жобаларды көрерменге ұсынып келеді. Сондықтан оның режиссер ретіндегі алғашқы жұмысы терең, шынайы сезімге толы фильм болды. «Судың хронологиясы» фильмі жазушы Лидия Юкнавичтің мемуары негізінде түсірілген, басты рөлді Имоджен Путс сомдайды. Ол шынайы, жастайынан көрген зорлық-зомбылық, есірткімен күрес және бала өлімінен кейінгі ішкі арпалыс арқылы өнердің көмегімен өзін емдеуге тырысқан әйелдің өмірін сомдайды. Бірақ, атауынан көрініп тұрғандай, оқиға хронологиялық сипатта емес, Стюарт көрерменді кадрлар мен сәттердің фрагменттерінен құралған, сананың ішкі әлеміне сүңгітетін сюжеттер арқылы алып өтеді.

URCHIN «ТЕҢІЗ КІРПІСІ»
Биылғы Канн фестивалінің бір ерекшелігі – актерлердің режиссер ретінде дебют жасаған фильмдерінің сәтті шығуы. Скарлетт Йоханссон мен Кристен Стюарттан бөлек, Харрис Дикинсон да алғаш рет режиссер ретінде «Теңіз кірпісі» фильмін ұсынды.

Бұл – орта таптан шыққан, бірақ көп жылдан бері есірткіге тәуелді болып, үйсіз жүрген жігіт жайлы әсерлі әрі юморға толы драма. Басты кейіпкердің рөлін Фрэнк Диллейн сомдайды. Автор кейіпкерін мінсіз етіп көрсетуге тырыспайды және оның көше тұрмысына қалай тап болғанын түсіндіруге де ұмтылмайды. Дикинсон фильмде бірнеше эпизодта өзі де көрінеді. «The Hollywood Reporter» қызметкері Дэвид Руни: «Оның актерлік тәжірибесі – бейресми кино мектебі секілді. Ол көп айтылған тақырыпты ерекше әрі ойлы түрде жеткізуге мүмкіндік береді» дейді. Бұл фильм – оның болашақта тек актер ғана емес, режиссер ретінде де танылатынын көрсетеді.
MY FATHER’S SHADOW «ӘКЕМНІҢ КӨЛЕҢКЕСІ»
Канн кинофестивалі – дүниежүзілік кино өнерінің басты сахнасы екені сөзсіз. Бірақ жаһандық деңгейдегі бұл шарада әр өңір бірдей дәрежеде ұсыныла бермейді. Сондықтан да биыл алғаш рет ресми бағдарламаға нигериялық фильмнің енгені көпшілікті таңғалдырды.
Акинола Дэвис-кіші түсірген алғашқы толықметражды фильм шынайы әсер қалдырады. Бұл туынды – 1990-жылдардың басындағы тарихи кезеңде болған балалық шақ естеліктерін жанды әрі мұңды түрде бейнелейтін көркем фильм. Фильмде екі бала мен олардың жиі жоғалып кететін, бірақ сүйікті әкесі Фоларин туралы баяндалады. Олар сол күні Нигерия астанасы Лагосқа сапар шегеді. Бұл күн – соңғы он жылда алғашқы демократиялық сайлау өтетін тарихи сәт.

Оқиға – бала мен әке арасындағы аз, бірақ қымбат уақытты көрсету арқылы қоғамның құлдырап бара жатқан күйін суреттейді. «The Telegraph» басылымы бұл фильмге бес жұлдыз беріп, «Бір күн ішінде соншама өмірді шебер суреттеген, шынайы әрі қимастыққа толы фильм. Бұл – елдің де, отбасының да болашағына үміт сыйлап, мүмкіндіктерден айырылып қалғаны үшін мұңайтады» деп жазды.