Испания мен Қазақстанның мәдени байланысын дамытуға арналған соңғы жобалар туралы Испания Корельдігінің Қазақстандағы елшісі Луис Франциско Мартинес Монтес мырза журналист Дүйсенәлі Әлімақынға берген сұхбатында мәлімдеді.
Елшінің айтуынша, жақында Абайдың қара сөздері испан тілінде жарық көреді екен. Сонымен бірге, осы жазда Испанияның ең мықты футбол командаларының бірі – «Атлетико Мадрид» Алматы маңында, «Doscar Group» серіктестігімен бірге футбол академиясын ашады. Бұл академияда жүздеген қазақстандық және Орталық Азия елдерінен келген балалар мен жасөспірімдер кәсіби футболдың әліппесін үйренеді. «Мен академия орналасқан орынға барып көрдім. Инфрақұрылымы өте заманауи екен. Онда жатақхана, мектеп-интернат, спорт залдар, алты жаттығу алаңы және 10 мың адамға арналған стадион болады. Ең үздік шәкірттер Мадридте оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Біз Қазақстанның аймақта ғана емес, жаһандық деңгейде де футбол державасына айналуына үлес қосуды қалаймыз», деді елші ағынан жарылып.
Елімізге елші болып келгеніне бірнеше ай болса да, осындай үлкен жобаларға мұрындық болған Луис Монтес мырза сөз арасында халқымыздың қай қасиеті өзіне ұнайтынын да бүкпесіз айтты.
«Шын мәнінде, бұл – Қазақстандағы екінші дипломатиялық кезеңім. Бірінші рет 1999–2002 жылдары келген едім. Ол кезде Испания Алматыда елшілігін ашқан, кейін ол Астанаға көшірілді. Енді 25 жылдан кейін Испания елшісі ретінде қайта оралдым. Қазақстан менің екінші үйім сияқты. Маған бұл елдің табиғаты мен тағамдары, басқа да көптеген құндылықтары ұнайды, сондықтан неден бастарымды да білмеймін. Тек бір нәрсені таңдау керек болса, онда мен, ең алдымен, адамдарын, әсіресе жастарды айтар едім. Уақытымның бір бөлігін мектептер мен университеттерге барып, дәріс оқуға арнаймын. Қазақ студенттерінің бойынан өмірге деген құштарлық пен білімге деген шынайы ықыласты байқаймын. Аптасына кем дегенде бір рет жастармен, зиялы қауым өкілдерімен бірге дәрісте, пікірталас клубы мен бейресми түскі аста бас қосуға тырысамын. Олармен сұхбаттасу дүниетанымымды кеңейтіп, осы елдің қай бағытта дамып жатқанын жақсырақ түсінуге көмектеседі», – дейді елші.
Сұхбат барысында елші мына бір оқиғаны есіне алды. Түркістанға 1999 жылы сапармен барған ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ат басын бұрыпты. Оның Испаниядан келгенін білген жергілікті жол бастаушы ерекше ынтамен Андалусиядан шыққан сопылық бағыттағы ақын Ибн Араби туралы оған айтып беріпті. Ибн Араби Қожа Ахмет Ясауимен шамамен бір дәуірде өмір сүрген танымал сопы. Сол сәттен бастап елші Ибн Араби туралы жан-жақты ізденіп, ол жөніндегі барлық ақпараттарға қанығады. Тіпті әлгі жергілікті жол бастаушы қазақ әйел қос сопының да өлеңдерін жатқа оқып берген екен. Еуразия құрлығының екі шетінде өмір сүрген бұл екі ақынның бір рухани ағымда болып, құдайды іздеу жолында терең әрі көркем поэзия тудырғаны кейін келе елші Монтестің зерттеу бағытына айналыпты.

Сөз арасында Абай шығармашылығының Испан еліндегі таралымы жөнінде сұрақ қойдық. Сонда ол бүй деді: «2022 жылы Әлемдік діндер көшбасшыларының VII съезінің ашылуында Аргентинадан шыққан марқұм Папа Франциск Абай шығармашылығынан он екі реттен аса дәйек келтірді. Абайдың кейбір шығармаларын 2020 жылы Мария Санчес Пуг испан тіліне аударды. Ол қазақ әдебиетін испан тілді аудиторияға таныту жолындағы еңбегі үшін «Достық» орденімен марапатталған. Биыл Абайдың «Қара сөздерінің» таңдаулы бөлімдерін испан тіліне аудару жобасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар алғашқы қазақ-испан сөздігін дайындап жатырмыз. Бұл біздің студенттерге екі тілде де білім алуды жеңілдетеді. Тағы бір мысал – 2016 жылы испан ақыны Хусто Хорхе Падрон аударған қазіргі қазақ поэзиясының жинағы жарық көрді».
Шындығында, Испания елшісі Қазақстанды Испанияда танытудың жолдарын нақтылап зерттеп, сол бойынша бірнеше жобаларды жүзеге асыруға кіріскенін білдік. Оның айтуынша, Испанияда Қазақстанға деген қызығушылық орта ғасырлардан басталады. Жібек жолының Батыстағы алғашқы бейнеленуі мен Алтын Орда ханы Жәнібек бейнеленген карта – 1375 жылы Испанияның Қасиетті Арагон тәжінде жасалған «Каталон атласынан» айқын көрінеді. XV ғасырдың басында испан елшісі Руй Гонсалес де Клавихо Әмір Темір заманындағы Орталық Азияға сапар шегіп, бұл өңір туралы керемет кітап жазды. Бұл шығарма Еуропада бірнеше тілге аударылып, бестселлерге айналған. Сондай-ақ биыл Қазақстанның Испаниядағы беделін күшейтетін екі ірі жоба дайындалып жатыр. Біріншісі – қазақтың әлемге танымал әншісі Димаш Құдайбергеннің қараша айында Барселонада концерті өтеді. Бұған дейін 1 маусымда ол Барселонада жанкүйерлері мен БАҚ өкілдеріне арналған конференция өткізеді. Екінші жоба да өте қызықты. Бұл – «Netflix» платформасының қолдауымен түсірілген алғашқы испан-қазақ бірлескен ірі киноөнімі. Фильмнің түсірілімі аяқталды. Енді соңғы монтаждау жұмысы жүріп жатыр. Фильмнің атауы – «La Tregua», қазақшаласақ, «Бітім» деген мағына береді. Аталған өнім сталиндік кезеңде Қарлагта аман қалу жолында күрескен жүздеген испан тұтқынының шынайы тарихына негізделген. Фильм режиссері – әйгілі «Money Heist» (Қағаз үй) сериалының авторы Мигель Анхель Вивас. Басты рөлдерде испан актерлері Мигель Эрран (Money Heist) және Арон Пайпер (Elite), сондай-ақ Қазақстан актерлері Дина Тасболатова, Алтынай Нөгербек, Сергей Уфимцев, Фараби Аққозов ойнайды.