Алматы қаласы полиция департаменті былтыр қайтыс болған 21 жастағы Ақнәр Гүлстаннның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Қалалық ПД-нің тергеу басқармасы өткен жылдың шілде айында Алматы тұрғынының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылуда”, – делінген ақпаратта.
Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында.
“Біз марқұмның туыстарының бастан кешкен қайғысына шын жүректен ортақтасамыз. Сонымен қатар, соңғы процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптамалардың нәтижелерін алғаннан кейін және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін қабылданатын болады”, – делінген полиция мәлімдемесінде.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі журналист Руслан Өтепбай 7 қабаттан құлап көз жұмған Ақнәр есімді бойжеткеннің өліміне қатысты тың деректі жариялап, жақын күндері құпия ашылатынын айтқан болатын.