Әлеуметтік желіде даулы видеосы тараған БҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Абылай Бисқалиев ақыры қызметінен босатылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Есте болса, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда Абылай Бисқалиевке ұқсайтын азаматтың аяқта әзер тұрған видеосы тараған болатын.
Прокуратура 12 тамызда, яғни видеоның тараған күні Бисқалиевтің жұмыс орнында болғанын, ешқандай алкогольді ішімдік ішпегенін анықтаған. Ал, видеоның қашан түсірілгенін анықтау мүмкін болмапты. Дегенмен, аталған оқиға қоғамда қызу пікірталас туғызғаннан кейін басшылық прокурорды қызметіне лайық емес деген шешім қабылдаған.
«15 тамыз күні қызметтік тексеру нәтижесі мен облыс прокуратурасы тәртіптік комиссиясының ұсынысына сәйкес А.Бисқалиев қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, А.Бисқалиев мемлекеттік қызметшіге қойылатын жоғары талапты түсіне отырып, басшылық атына өзін қызметінен босату туралы өтініш жазды. 20 тамызда А.Бисқалиев БҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры қызметінен босатылды», - деп хабарлады БҚО прокуратурасы.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.